«Менің елім-менің болашағым»

«Арыстандай айбарлы батырлардың бары игі»,-деп дана халқымыз батыр ұлдарына үкілі үміттерін артқан. Тарихқа көз жіберер болсақ ,бабаларымыз  соғыс болсын , көтеріліс болсын жұдырықтай  жүректерімен жау оғына кеудесін төсеп, мұз жастанып,  «бейбітшілік» атты ұранды алға тастап, етігімен су кешіп жүріп күресті .  Көңілге қаяу саларлық нәрсе кей сужүрек, өзінен гөрі қалтасына сенген бауырларымыз жандарын қалқалап, бүркеніп қалуға тырысты. Оған жауап ретінде жүректерін патриоттық сезім кернеген аяулы аруларымыз жандарын шүберекке түйіп, қолдарына кесте орнына қару алып, ерлермен тізе қоса  окопта шайқасты. Әрине мұнда шығыстың қос шынары Мәншүк Мәметовамен, Әлия Молдағұлованың  ерен ерліктері  еске түседі.

      «Денсаулық сақтаудағы және фармациядағы  менеджмент »деканаты мен «Денсаулық сақтаудағы экономика» модулінің басшылығымен  ұйымдастырылған  8-қазан күні   «Менің елім –менің болашағым» атты  Кеңес Одағының батыры, қазақтың қаһарман қызы, адалдық атты сезімді жанының жалауы  еткен  қайсар пулеметші  Мәншүк Мәметованы еске алу кеші өтті. Кеш соғыс құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске  алудан басталды. Батырларымыздың ізін  жалғаушы  студенттеріміз  арнау өлеңдерін  оқыды, баяндама жасалды, ән де айтылды, монолог оқылды.Кешті жүргізуді Мулаташев Шерзат пен Мухаметкаримова Гаухар қолға алды.Әбілбай Ұлпан мен Ташкенбаева Динара жүректен шыққан жалынды өлеңдерін оқыса, Балқан Ақылбек «Катюша» әнімен тербетті. Сәдуақас Айдана мен Тасилова Нұргүл қос жұлдыздың өмірі жайлы баяндама жасады.Рахмет Ермек пен Сақпаев Нұрбек қазақтың киелі домбырасымен күй шертті.  Кешіміздің  тұздығы  ретінде  «Мәншүктің соңғы демі»  атты қойылым көрсетілді. Көріністен  біз көзімізге жас ала отырып,  Мәншүкті қайта көргендей болдық.Бұл көріністе Сатыбалды Жадыра, Жантаев Әділжан, Саджиков Айбек,Төлегенова Аида т.б. өз өнерлерін көрсетті. Соғыстың  ащы кермек  дәмін  татқан,  оқ пен оттың ортасында  жүріп, «Арым  жанымның  садағасы  » деген Бауыржан Момышұлының сөзін  жадында  ұстаған  Мәншүктің  қарбаласқа толы, қыршынынан қиылған ғұмыры қазіргі өсіп  келе  жатқан  ұрпақтарымыз үшін, патриот жас қауым  үшін мәңге өнеге болмақ. Оның қамшының сабындай қысқа ғұмырының екі жарым жылы қан майданда от кешумен өтті. Ақтық демі біткенше пулуметпен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапты. Бірақ, бұл жалын боп лаулап, құйрықты жұлдыздай жарқырап өткен, кейінгі сіңлілеріне мұра болып қалмақ.  Ару Мәншүк, қаһарман Мәншүк бізге «Отаным, елім» деп соққан жүрегін мирас етті. Бұл кеште көрер көз аз болса да, алар тәлімі, берер тәрбиесі, рухани атмосферасы  мол болды.

                         Арман еткен тәуелсіздік жетті бүгін

                         Маңдайға сыймай кеткен қос жұлдызым:

                         Әлия-Мәншүк ерлігін қайталайтын,

                         Бар ма екен бүгін де қазақ қызы?!

 Олай болса, от жүректі, көзі ашық, көкірегі ояу, еліміздің болашағы-жалынды жастар, жанын пида еткен бабаларымыздың аманаттап, мирас етіп қалдырған елін, жерін шұбарламай аман қалпында келесі ұрпақтарға табыстайық. Күніміз шуақты, халқымыз қуатты болып, көк туымыз көк аспанда мәңгілік қалықтасын!

                                                  Жалпы Медициндицина факультетінің 1-   курс                                                     студенті Әбілбай Ұлпан

Поисковые слова::